Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қызығатын спорт түрі ол – футбол. Көптің кумиріне айналған да, әлемдегі ең бай спортшылар да осы футболшылар. Сондықтан да олар туралы басылымдар жарыса жазып жатады. Осы орайда, біз де әлемді өнерімен тәнті еткен, болашағынан үміт күттіретін жас футболшылар туралы сөз қозғамақпыз. Футболдық карьераның ғұмыры қысқа болатынын ескеріп, «ондық» тізімге 21-жасқа дейінгілерді ғана енгіздік. Әйтпесе, Месси, Роналду, Бэйлдерді шау тартты деп айту қиын.
Талантты 10 жас футболшыны анықтау үшін біз олардың дарынымен бірге негізгі құрама сапында өткізген ойыны мен соққан голын есептедік. Жауапты кездесулерге шығуы, ұлттық құрама сапында өткізген ойындары, алаңды түсінуі қабілеті секілді қасиеттерге де тоқталдық.
10. Әлемді өнерімен тәнті еткен жастар «ондығын» миландық жартылай қорғаушы Александр Васильевич Меркелмен түйіндедік. Бірден айта кетейік, осы «оныншы» футболшыны анықтау аздап қиындық туғызды. Соңында Сашаға бүйрегіміз бұрды. Себебі, Саша мен Қазақ елі арасында жақын байланыс бар. Турасын айтсақ, Меркелдің Шығыс Қазақстан облысы, «Первомайский» селосының тумасы. Әкесі бір кездері «Қайрат»-тың сапында доп тепкен. Сашаның футболға қызығушылығы бала кезінен-ақ, Қазақстанда жүргенде оянады. 1998 жылы Меркелдер отбасы тарихи отаны Алманияға қоныс аударады. Сол жақта Саша «Вестервальд» футбол мектебіне түседі. 2003 жылы балғын футболшыға немістің «Штутгарт» клубы ұсыныс білдірсе, бес жылдан соң «Милан» жерлесімізді өздеріне шақырады. «Россенери» сапына ауысқан Меркелге әзірге негізгі құрамда орнығуға мүмкіндік жоқ. Себебі, «Миланның» орталық алаңы Марко ван Бомел, Дженнаро Гаттузо, Клеранс Зеедорф, Кевин Принс-Боатенг, Альберто Аквилани, Антонио Ночерино секілді футболшылармен нық бекіген. Алайда, өзінің алғашқы ойындарында көзге түскен ол тек «Милан» мен Германияның ғана емес, әлемнің болашақ жұлдызы екенін дәлелдей алды.
9. Біздің тізімнің тоғызыншы сатысына «Порту» клубының ойыншысы Хуан Мануэль Итурбе жайғасты. Ол 1993 жылы Буэнос-Айрес қаласында дүниеге келген. Итурбе 16 жасында парагвайлық «Серро Портеньо» клубының негізгі құрама ойыншысы атанды. Ол үшін 2011 жыл сәтті болды. Жас шабуылшы еншісіне 4 доп жазды. Оған Еуропаның көптеген клубтары қызығушылық танытты. Хуан Мануэль ресми түрде 18 жасқа толғаннан бері «Порту» клубына ауысты. Футбол мамандары оның ойнау мәнерін Мессиге көбірек ұқсатады.
Сонымен қатар, Итурбе бірнеше мемлекет туы астында өнер көрсеткен санаулы футболшының бірі. Ол 16 жасында Парагвай құрамасының жейдесімен алаңға шығады. Жас голеадор үшін Парагвай құрамасынан орын табыла бермеген соң, кейіннен Аргентина азаматтығын алды. Жастар арасында соңғы өткен әлем чемпионатында Итурбе Бразилия қақпасына жеңіс добын соғып, көзге түсті. Алайда, Хуан Мануэльге әлі де командалық ойынды түсіну жетіңкіремей жатыр. Көбіне қорғаушылардың тасасында қалады. Итурбенің жасын ескерер болсақ, бұл ол үшін аса қатты кемшілік емес. Оны Мессиге ұқсатудың өзі талай нәрседен хабар берсе керек-ті. Талай жұлдызды тәрбиелеген «Порту» бұл жігітті де үкілеп ұшырар әлі.
8. Тізімнің келесі сатысына Итурбенің құрдасы Ромелу Лукакуді жайғастырдық. Ромелу Бельгияның Антверпене қаласында туылған. Оның әкесі Роже Лукаку да футболшы. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Ромелу доп тебуді әкесінен үйренді. Көптеген клубтар оған жастайынан-ақ қызығушылық танытқан. Бірақ, Роже мырза миллиондардан бас тартып, баласының «Андерлехт» клубы сапында тәлім алғанын қалайды. Өткен жылы Ромелу ресми түрде лондондық «Челси» сапына ауысты. Трансфер құны – 23 млн. еуро. 18 жасар жас шабуылшы үшін бұл өте үлкен сома. Сондай-ақ, Ромелуге Дрогба, Торрес, Калу, Хуан Мата секілді шабуылшылармен негізгі құрам үшін таласқа түсуге тура келеді.
Ромелу Лукаку «Андерлехт» сапында 73 ойын өткізіп, 33 рет мергендігімен танылды. 2009-10 жылдары командасына Бельгия чемпионы атануы үшін өте үлкен үлес қосты. Бір қызығы, оның соққан голы әрдайым ойын санынан артық. Лукаку ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2009 жылы 3 наурыз күні Хорватияға қарсы өткізді. 2010 жылы 17 қарашада ол өзінің ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын Ресей қақпасына соқты. Сол ойында Ромелу екі рет көзге түскен-ді. «Еуро-2012» іріктеу кезеңінде Лукаку 6 рет жасыл алаңға шығып, оның біреуінде, 2010 жылдың 8 қараша күні біздің құрамаға қарсы өткізіпті. Қара бала «Астана-аренада» 46 минут жүгірсе, Сидельников қорғаған қақпаға 1 рет соққы жасаған (Естеріңізде болса ол ойында ұлттық құрама 0-2 есебімен ұтылған еді).
7. Болашағынан үміт күттірер тағы бір футболшы немістің «Шальке-04» клубында доп теуіп жүр. Юлиан Дракслер 1993 жылы Гладбек қаласында дүниеге келген. Ол 8 жасынан бастап «Шальке» клубының жастар құрамында тәлім алды. Бундеслигадағы алғашқы ойынын 2011 жылы 15 қаңтарда «Гамбург» клубына қарсы өткізді (Ол ойында «Шальке» 0-1 есебімен ұтылды). Сол ойыннан соң Юлиан Бундеслига тарихында өнер көрсеткен 4-ші ең жас ойыншы атанды. Бір апта өткен соң «Ганноверге» (1-0) қарсы ойында алғашқы минутта алаңға шықты. Ол Нури Шахиннен кейін алғашқы минутта доп тепкен ең жас футболшы болып Бундеслига тарихына кірді. Өткен жылы Германия кубогы финалында соққан добы әдемі голдар қатарына енді.
Бұл маусымда Дракслер 28 рет алаңға шығып үлгерді. Оның 16-сы Бундеслигада, 8-інде Еуропа лигасының аясында өткен ойындарда доп тепкен. Еншісінде 4 гол, 4 пас бар. Өткен жылы Юлиан «Шалькемен» келісімшартын 2016 жылға дейін ұзартты. Жартылай қорғаушы ойынды түсінуі және әдемі пасы арқылы жанкүйерлердің көңілінен шығып жүр. Талай таланттың томағасын сыпырған «Шальке» клубында тағы бір футбол жұлдызы өсіп келеді.
6. Соңғы бестіктің басында ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубының қорғаушысы Фил Джонс тұр. Филип Энтони Джонс биыл 20-ға толады. Ол 10 жасында «Блэкберн Роверз» клубына оқуға келеді. Қорғаныста мығым болуына байланысты жас болғанына қарамастан 2009 жылы «Блэкберннің» негізгі құрамына ауысады. Екі жыл блэкберндік клубта тер төккен ол 40 ойын өткізіп үлгерген. Болар баланы бесігінен танитын бапкер Сэр Алекс Фергюсен Фил Джонсты «МЮ» клубы қатарына шақырады. Джонстың клубқа келуі «қызыл сойқандар» үшін 16,5 фунт-стерлингке түсіпті. Жас қорғаушы бұл маусымда «МЮ» сапында 27 ойын өткізіп үлгерген. Қанжығасында 2 гол бар.
Филип бүгінге дейін ұлттық құрама сапында 3 ойын өткізді. Фил Джонс «МЮ»-дің негізгі ойыншысына айналып үлгерсе (ең көп ойын көрсеткен екінші қорғаушы), ұлттық құрамада Джон Терри, Гарри Кэйхилл, Рио Фердинанд секілді азу алты қарыс алпауыттардың көлеңкесінде жүр. Бірақ, көп уақыт өтпей-ақ Фил Джонс негізгі құрама ойыншысына айналып үлгереді. Оны Бобби Мурдың ізбасары деп атауға толық негіз бар.
5. Біздің тізімдегі алғашқы бестікті «Барселона» клубының орталық алаң ойыншысы Тьяго Алькантара қорытындылап тұр. Тьяго Алкантара ду Насименту (толық аты-жөні) 1991 жылы Италияның Бари қаласында дүниеге келді. Тьяго – әйгілі бразилиялық футболшы Мазиньо мен волейболшы Валерия Алкантараның баласы. Ол 13 жасында «Ла Масияға» келеді. 2007 жылы «Барселонаның» дубльдік құрамы «Барса Б» ойыншысы атанды. Тьяго дубльдік құрама сапында 2011 жылға дейін өнер көрсетіп, 59 ойынға қатысқан. Еншісінде 3 доп бар. Өткен маусымда Тьяго ресми түрде «Барселона» ойыншысы атанды. Алайда, ол премьерадағы алғашқы ойынын 2009 жылы 17 мамыр күні «Мальорка» клубына қарсы өткізді. Бұл маусымда Тьяго «Барселона» сапында 25 ойын өткізіп, 3 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, 6 рет әріптестеріне гол соғуға жағдай жасады. Испания ұлттық құрамасы сапында 2 ойын өткізген.
Тьягоның ойын мәнерін, пас бере білу қабілетін атақты Хавиге теңестіреді. Ол Сеск Фабрегас, Андрес Иньеста, Хави, Сейду Кейте секілді тіс қаққан әріптестері болғанына қарамастан негізгі құрам сапында жауапты кездесулерге шығып жүр. Тьяго болашақта талайдың кумиріне айналары сөзсіз.
4. Бельгиялық Эден Азард футболсүйер қауымның естерінде сақтайтын шығар. Өткен жылы 7 қазанда Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2012» іріктеу кезеңі аясында Бельгияға қарсы ойнаған болатын. Осы ойында біздікілер 1-4 есебімен жеңілген еді. Әлемнің жас перілерінің бірі Эден Азард осы ойында Владимир Логиновский қорғаған қақпаға 43-минутта гол салып, Бельгияны 2-0 есебімен алға шығарды. Ол Бельгия құрамасы сапында 23 ойын өткізіп, еншісіндегі жалғыз допты Қазақстан құрамасының қақпасына соқты.
Эден Азард 1991 жылы Бельгияның Ла-Лувьер қаласында дүниеге келген. 7 жасында «Ройял Стад Браинуа» клубына оқуға түседі. Кейбіреулер Эденнің туылмай тұрып-ақ талантты футболшы болатыны белгілі еді деп қалжыңдайды. Сірә, ата-анасының футболға жақын болғандығынан туса керек бұл әзіл. Дарынды жас 2005 жылы «Лилль» клубы скауттарының көзіне түседі. Сол жылы Эден «Лилль»-дің жастар құрамасына қабылданады. Көп күттірмей ақ, 2007 жылы негізгі құрам ойыншысына айналып шыға келді. Бүгінгі таңға дейін Азард «Лилль» сапында 114 ойын өткізіп үлгерсе, еншісіне 18 доп жазыпты. Ал, осы маусымда 28 мәрте алаңға шығып, 8 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген екен. Эден Азардтың өнеріне Еуропаның белді клубтары көптен бері қызығушылық танытып отыр. Десек те, оның «Лилль»-мен келісімшарты 2015 жылға дейін ұзартылған.
3. Біздің үштікті Англия және «Арсенал» клубының орталық алаң ойыншысы Джек Уилшир түйіндеді. Ол 1992 жылы Стивенидж қаласында туылған. Джек 9 жасында «Арсенал»-дың мектебіне қабылданады. 2009 жылы Джек Уилшир ресми түрде «Арсенал» ойыншысы болып тіркелді. Кәрі тарлан Арсен Венгер Джектің болашағына сенім білдірді. Қателеспеді де. Көптеген футбол мамандары оның ойын техникасы ерекше екендігін сөзсіз мойындады. Оны, тіпті, Пол Скоулзбен салыстыратындар да табылды. Арсен Венгердің өзі Уилширдің болашақта Фабрегастың алаңдағы тұрақты әріптесі болатынына сенімді.
2010 жылы Арсен Венгер ойын тәжірибесін жинау үшін Уилширді жалдады. Джек үшін бұл жалдану өте сәтті болды деп айтуға болады. Ол маусымның екінші жартысында «Болтон» сапында 14 ойын өткізіп, 1 мәрте алаң торын тулатты. 2010-ның жазында Уилшир «Арсеналға» қайта оралды. 2010-11 маусымында «Арсенал» сапында 49 ойын өткізіп, 2 мәрте мергендігімен көзге түсті. Өкінішке қарай, ұлттық құрама сапында шақырту алған ол өткен жылдың жазында жарақат алып, ұзақ мерзімге қатардан шығып қалды. Қыркүйекте оның тобығына ота жасалынды.
Джек Уилширдің әлем аренасындағы алар асуы алда. Талайға таңдай қақтыра жатар, әлі…
2. Өткен жылы дортмундтық «Боруссия» клубы неміс бундеслигасының жеңімпазы атанды. Соңғы рет «Боруссия» 2002 жылы ел чемпионы болған екен. 2011 жылы Германияның көшбасшысы атануына ойыншылардың сіңірген еңбегі шексіз. Әсіресе, біздің тізімде екінші орынға тұрақтаған Марио Гётценің еңбегін бөліп көрсету керек шығар. Ол 1992 жылы немістің Меммингем қаласында дүниеге келген. Марионың алаңдағы міндеті – шабуылдаушы жартылай қорғаушы. Дортмундтық клуб қатарына 2009 жылы келіп қосылды. Сол жылы алаңға тек 5 мәрте ғана шыққан екен. Ал, 2010-11 футбол маусымы Гётце үшін өте сәтті болды. Алаңға 41 мәрте шығып қарсыластар қақпасына 8 доп салса, командалас әріптестеріне 15 рет гол салуға мүмкіндік туғызған. Марио 2011 жылы Еуропаның 21-ге дейінгі ең талантты жас ойыншыға берілетін «Golden Boy» сыйлығымен марапатталды. Бұл маусымда Гётце 23 рет алаңға шығып үлгерді. Еншісінде 6 доп, 8 пас бар.
Марио Гётце ұлттық құрама сапына 2010 жылы ілінді. Содан бері 12 рет Йоахим Лев бапкердің қол астында алаңға шығыпты. Екі мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген. Марионың «Еуро-2012» турнирі аясында өткізген ойындарының біреуін біздің елге қарсы өткізгенін айта кету керек. Алаңда 12 минут доп тепкен ол 1 мәрте біздің қақпаға соққы жасап үлгеріпті. Марио Гётце – өте талантты ойыншы. Болашақта дортмундтық клубтың қатарында ғана емес, басқа да топ-клубтар сапында жасындай жарқылдайтыны анық. Оны Герд Мюллердің ізбасары деп атаса болатындай.
1. Міне, көп күттірген ең талантты жас ойыншыға да келіп жеттік. Оның «Сантос» шабуылшысы Неймар екенін сезіп отырған шығарсыздар?! Иә, 19 жасар жас перінің талантты екеніне шүбә жоқ. «Футбол королі» Пеле Неймарды әлемдегі ең мықты ойыншы санайтынын жасырмайды. Алайда, Неймар футбол клубтары арасында өткен мундиальда Мессидің мықты екенін мойындады.
Неймар да Силва Сантос Жуниор 1992 жылы Можи-дас-Крузис қаласында дүниеге келген. Өзге бразилиялық балалар секілді ол да футболға құмар еді. Допқа жаны құмар бала 7 жасында «Сантос»-тың мектебіне түседі. 2008 жылы ол бірінші рет «Сантоспен» ресми түрде келісімшартқа отырды. Келісімшарт мерзімі 2014 жылға дейін еді. Бір жыл өткен соң негізгі құрамға қосылды. Сол маусымда жас болғанына қарамастан 49 мәрте алаңға шығып, 14 мәрте қақпашыны сан соқтырды. Осыдан кейін-ақ еуропалық клубтардың Неймарға деген қызығушылығы екі есе артты. Тіпті, топ-клубтармен бірге «Анжи» де бразилиялық вундеркинд үшін 45 млн. еуро төлеуге дайын екендігін жеткізіпті. Соңғы сөзді Неймардың өзі айтты: «Ақшамен бақытты бола алмайсың. «Сантоста» өзімді бақытты сезінемін және осында өнер көрсеткім келеді».
2010 жыл Неймар үшін сәтті болды. Жасыл алаңға 63 рет шығып, 43 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Осы маусымда 46 мәрте жасыл алаңға шығып үлгерсе, еншісінде 24 гол бар. Неймарға ұлттық құрама сапында Африкада өткен әлем чемпионатына қатыса алмады. Тек, 2010-ның 10 шілдесінде ғана пентакампеондар жейдесін киюдің сәті түсті. Содан бері Бразилия сапында 15 мәрте алаңға шығып, 8 мәрте қақпашыны қапы қалдырыпты.
Неймар – әлем футболындағы болашағынан үміт күттірер дарынды ойыншылардың бірі. Ойын техникасы, допты аяғында ұршықша үйіруі, жылдамдығы басқаларға ұқсамайды. Кейбір футбол майталмандары оны Пеленің тікелей ізбасары деп есептейді. 19 жасында әлемді мойындату әркімнің қолынан келе бермес…
Біз қолымыздан келгенше футболдағы талантты деген жастарды іріктеуге тырыстық. Бәлкім, біздің тізіммен біреу келісер, біреу келіспес. Алайда, біз іріктеген футболшылардың дарынды екені сөзсіз. Тізімді әрі қарай жалғар болсақ Исаак Куэенко, Жерард Деулофоу, Рафаель Варан, Алекс Окслейд-Чемберлен, Аарон Ремзи, Филиппе Коутинью секілді жастарды қосуға болар еді. Алайда, біз жоғарыда келтірген ондықты үздік деп таныдық. Футбол – әр жыл сайын жаңа жұлдызды дүниеге әкелетін спорт түрі. Сол себепті біздің тізім көп ұзамай ескіріп жатса таңғалмаңыз.
P.S. Қазақстандық футболшылардан ең үздік үшеуді анықтау керек болса, біз Рауан Сариевті, Ұлан Қонысбаевты, Жамбыл Көкеевті айтар едік. Ал, ондықты санап беру қолымыздан келмес. Себебі, ұлттық біріншілігіміз тұрақты түрде арналардан көрсетілмегендіктен ойындарды толық тамашалай алмаймыз. Бұл жағдайда «ондықты» анықтауға тырысудың өзі ыңғайсыз. Источник:
http://nurastana.kz/ Абай Асанкелдіұлы
Сайт болельщиков ФК "Актобе" 2010-2016
Дизайн логотипа сайта- Бекбаганбетов Калыбек
На сайте использовались фото и видеоматериалы с официального сайта ФК Актобе fc-aktobe.kz
Мнение Администрации может не совпадать с мнением пользователей сайта